Accessibility links

Украинаға саяси дағдарыс қаупі төнді: жемқорлықпен күресетін қызметтер үкіметтегі қысым туралы айтты


Зеленский НАБУ мен САП тәуелсіздігін жоятын шешім қабылдаған кезде Рада алдында наразылық болды. Киев, 30 шілде 2025 жыл.
Зеленский НАБУ мен САП тәуелсіздігін жоятын шешім қабылдаған кезде Рада алдында наразылық болды. Киев, 30 шілде 2025 жыл.

Украинаның жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюросы бүкіл елді алаңдатқан жемқорлық дауы жайлы мәлімдеме жасап, "жоғары жақта" тергеуге қысым көрсету мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Кезінде күдіктілермен әріптес болған, ортақ кәсіп жүргізген Украина президенті Владимир Зеленский осы даудан соң саяси дағдарысқа тап болды.

Бұл дау соғыстан қажыған Украинаны дүр сілкіндірді. Жемқорлықпен күрес қызметтерінің айтуынша, саяси ықпалы бар адамдар энергетика инфрақұрылымдарын Ресей әуе шабуылдарынан қорғауға арналған ақшаны жымқырған.

Істі тергеп жатқан мекемелердің бірі – Жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюро (НАБУ). Оның басшысы Семен Кривонос 18 қараша күні Азаттықтың Украин қызметіне сұхбат беріп, тергеу саяси және бюрократиялық кедергілерге тап болып отырғанын, бірақ соған қарамастан жалғаса беретінін айтты.

НАБУ басшысы Семен Кривонос
НАБУ басшысы Семен Кривонос

Дауда Украина өкіметіндегі лауазымды тұлғалардың аты-жөні аталады. Олардың арасында Зеленскийдің ескі досы, онымен ортақ бизнесі болған кәсіпкер Тимур Миндич бар.

НАБУ-дың жемқорлық туралы мәлімдемесі төрт жылға ұласқан соғыстан қажыған украиндардың көңілін түсірді. Зеленский "толықтай әріптестік танытатынын" айтып, елдегі энергетика секторын реформалауға уәде берді.

Қылмыстық іс аясында барлығы сегіз адам күдікті деп танылды. Оның ішінде Миндич пен тағы біреуі елден қашып үлгерген. Енді ел арасында бұл схеманың артында кім тұр деген сұрақ талқыланып жатыр.

ҚАРЖЫНЫ ҚАЛАЙ ҰРЛАДЫ?

Дауға негіз болған мекеме – атом энергетикасы жөніндегі "Энергоатом" мемлекеттік агенттігі. Компанияның жылдық табысы – шамамен 4,7 млрд доллар.

НАБУ мен Жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы прокуратураның (САП) мәлімдеуінше, "ұйымдасқан ірі топ" энергетика секторынан 100 млн доллар жымқырған. Күдіктілер мердігерлерден келісім-шарт сомасының 10-15 пайызын алып отырған.

Тергеушілердің сөзіне қарағанда, күдіктілер мердігерлерден алған миллиондаған доллар параны қазір Ресей сенатының мүшесі қызметін атқаратын, бұрын украин парламентінің депутаты болған адамның кеңсесі арқылы жылыстату мәселесін талқылаған.

НАБУ тергеу нәтижесін жариялаған соң бір аптадан астам уақыт өткенде Азаттық радиосына пікір білдірген Кривонос ұрланған ақша "ондаған юрисдикция арқылы" өтіп, түпкі есепшотқа түскен не жылжымайтын мүлікке айналып отырғанын айтты.

Қазір тергеушілер жылыстатылған ақшаның ізін анықтап жатыр, дейді Кривонос. Бірақ істі аяғына жеткізу үшін жемқорлықпен күрес мекемелері Украина қаржы мониторингі агенттігімен бірге жұмыс істеуі қажет.

Филипп Пронин
Филипп Пронин

Журналистер мен кейбір депуттардың айтуынша, мониторинг агенттігінің жетекшісі Филипп Пронин – президент офисіне жақындығы бар адам және ол Полтава облысындағы инфрақұрылымды қорғау арналған қаражатты жымқыру ісі бойынша жемқорлықпен күрес қызметтерінің назарына түскен.

Кривоностың сөзінше, қазір тергеу ісіне Қаржы мониторинг агенттігі араласқаны аса маңызды. Бірақ агенттік бұл іске селқос қарап отыр, дейді ол. НАБУ басшысы агенттікті бұл әрекеті "күдік ұялататынын" айтады.

"Біз жазбаларды жариялап, осы адамдарды ұстаған кезде агенттіктің өзі және оның басшысы бірінші күннен бастап көшбасшылық танытуы керек еді" дейді Кривонос жемқорлық дауы "Энергоатоммен" шектелмейтінін ескертіп. "Алдын ала мәлімет бойынша, көптеген өзге сала да қамтылған. Олар схема іске қосылған кезден-ақ оны анықтап, бұғаттауы қажет еді".

Кривоностың сөзінше, НАБУ мен САП осы тергеу аясында Қаржы мониторинг агенттігіне сан қайтара өтініш жолдаған, бірақ агенттік осы іске қатысы болуы мүмкін қорғаныс тендерлері жайлы қисынды ақпарат бермеген.

"Бұл агенттік қалай жұмыс істейтінін және күдікті транзакцияларды қалай анықтайтынын ескерсек, осы мәселеде селқостық танытуы біз үшін күдікті болып көрінеді" дейді ол.

МИНДИЧТІ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУЫ МҮМКІН БЕ?

Миндич 10 қараша күні Украинадан Польшаға қашып кеткен.

Ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен ортақ кәсіп жүргізген: екеуі "Квартал 95" студиясына иелік етті. Зеленский осы студия арқылы комедия актері ретінде қатты танылып, содан соң саясатқа келген.

Миндич ұстау операциясы басталардан санаулы сағат бұрын қымбат такси көмегімен ел аумағынан шығып кеткен. Мұны Азаттық радиосы Украин қызметінің тергеу бөлімі анықтады. Осыдан соң, Миндичтің ұсталатынын оған біреу айтып қойған деген күдік күшейді.

Миндичте Израиль азаматтығы да бар. Кривонос қазір оны экстрадициялау бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Қайсыбір ел оны бізге бермей қояды деп қол қусырып отыра алмаймыз" деді ол. "Әдетте күдіктілер бір жерде байланып отырмайды; олар саяхаттағысы келіп, Еуропа елдеріне барады. Сол себепті бұл кісіге халықаралық іздеу жариялау үшін қажет шаралардың бәрін қабылдап жатырмыз. Сонда бұл азамат шекара асып, өзге елдің аумағына барғанда тиісті құқық қорғау органдары мен Интерполда оны ұстауға қажет нұсқау болады".

"ӘЛИ БАБА" ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС БЮРОСЫНА ҚЫСЫМ"

Жаз айларында Зеленский НАБУ мен САП-тың тәуелсіздігін жоятын шешім қабылдап, халықтың наразылығына ұшыраған.

Соның алдында ғана Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі Ресеймен сыбайластығы бар деп НАБУ-дың екі қызметкерін ұстап, агенттік қызметкерлеріне қатысты ондаған тінту жүргізген.

Елде соғыс жүріп жатса да, Зеленскийдің бұл шешімі үлкен наразылық тудырды. Оның үстіне Еуропа лидерлері де бұл қадамға алаңдайтынын айтты. Осыдан соң, Зеленский райынан қайтып, жемқорлықпен күрес қызметтерінің тәуелсіздігін қалпына келтірді.

Кривоностың айтуынша, егер сол наразылық болмаса, "Энергоатом" ісі тергелмес еді. "Ол іс анық тоқтар еді" дейді ол.

Жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы прокуратураның басшысы Александр Клименко бір апта бұрын мәлімдеме жасап, украин үкіметінде НАБУ мен САП тергеушілеріне ықпал ету мәселесі талқыланғанын айтты.

Бұдан бөлек, депутат Ярослав Железняк жемқорлықпен күрес қызметтерінің жазбаларында лақап аты "Әли Баба" деген адам биліктегі адамдарға ықпал етіп, оларды жемқорлықпен күрес қызметтеріне қысым жасауға итермелегенін мәлімдеді.

Железняк "Әли Баба" деген адамның Андрей Ермак екенін нақтылай түсті. Зеленскийдің ең ықпалды көмекшісі Андрей Ермак осыған дейін Украина атынан бірнеше кездесуге қатысқан. Соның бірі АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қатысуымен өткен. Ермак Азаттық радиосы Украин қызметінің сауалына әлі жауап бермеді.

Кривонос Железняктің бұл сөзін растаған да жоқ, терістеген де жоқ. Бірақ ол "құзыреті жетпесе де, құқық қорғау органдарының жұмысына араласып жүрген адамның бары рас" деді. НАБУ басшысы тіпті ол адам "үлкен қызметте" екенін айтты, алайда президентке қатысы бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап бермеді

"Бұл ақпарат жедел жұмыстар кезінде алынды. Бірақ бұл адамда мұндай істерге құзыреті жоқ екенін айта аламын" деді ол.

Мақаланы Азаттық радиосының тілшілері Власта Лазур мен Никита Перетятко және Азаттықтың Украин қызметі әзірледі.

XS
SM
MD
LG