21 қарашада Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян келіссөз жүргізіп, соңынан ортақ мәлімдеме қабылдады. Ақорданың жазуынша, тараптар екі елдің қарым-қатынасын "стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын" құжатқа қол қоймақ.
Ресми ақпарат бойынша, Ақордада екі елдің делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Ақорда жариялаған құжаттар тізімінде "Қазақстан үкіметі мен Армения үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, қолдану, қорғау және сақтау туралы келісім де бар.
"Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын. Бұл өңірдегі ықпалдастықтың жаңа дәрежеге жеткенін көрсетеді" деді Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан президентімен бірігіп өткізген брифинг кезінде.
Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев брифинг кезінде Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтқан.
– Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Тоқаев.
Биыл тамызда Вашингтондағы келіссөз кезінде Баку мен Ереван Әзербайжан мен Нахчыван анклавымен жалғайтын аумақта көлік дәлізін құруға келіскен. Пашинянның ұсынысымен көлік дәлізі "Халықаралық бейбітшілік және гүлденуге арналған Трамп жолы" (Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) деп аталған.
Жұма күні Тоқаев Әзербайжан арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы мың тоннасы жеткізілгенін айтып, мұның саяси және экономикалық мән-маңызы айырықша екенін атап өтті.
"Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арменияға тауар транзиті Баку мен Ереван арасында Таулы Қарабақ үшін кикілжің басталғалы тоқтап тұрған. Екі ел арасында тауар тасымалдау жанданатыны кейінгі айларда ғана айтыла бастады.
Ақорданың жазуынша, Тоқаев брифинг кезінде АҚШ басшысы Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігері мен ұсынған жоспарына қолдау білдірген.
– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды, – деді ол.
Қазақстан мен Армения арасында тауар айналымы қазіргі кезде 82 млн долларды құрап отыр. 2020 жылмен салыстырғанда екі ел арасындағы тауар ағыны алты есе артқан деп айтылады. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан Арменияға темекі өнімдері, трансформаторлар, ферроқорытпа, металл бұйымдарын жеткізеді, ал ол жақтан Қазақстанға жеміс-жидек, темекі өнімдері, армян ішімдіктері әкелінеді.