Accessibility links

Еуроодақ Тәжікстанды Ресейге қарсы санкцияны сақтауға шақырды


Еуроодақ және Тәжікстан делегациясының өкілдері Брюссельде келіссөз жүргізіп жатыр
Еуроодақ және Тәжікстан делегациясының өкілдері Брюссельде келіссөз жүргізіп жатыр

Еуроодақ Тәжікстанды Ресейге салынған санкцияны сақтауға және осы бойынша ынтымақтастық орнатуға шақырды. Бұл жөнінде 19 қарашада Брюссельде өткен ЕО-Тәжікстан ынтымақтастық кеңесінің отырысында айтылды.

Мұндай кездесу Еуроодақ "Душанбе сити", "Спитаменбанк" және "Тәжікстанның коммерциялық банкі" Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті деп мәлімдегеннен кейін өткен.

Брюссельдегі кездесуге Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин бастаған делегация қатысты. Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі бұған дейін үш банкке салынған санкцияға «алаңдаушылық» білдіріп, оның салдарын азайту жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

ЕО мәлімдемесінде Душанбені «халықаралық құқықты құрметтеуге және БҰҰ мен ЕО ұстанымына сәйкес Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдауға» шақырған.

Тәжікстан Ресейдің жақын одақтасы және Тәжікстан билігі "соғыс тек келіссөз арқылы шешілуі керек" деп мәлімдеп келеді.

Бұған дейін Қырғызстандағы кейбір банктер де Ресейге қарсы санкцияны айналып өтуге көмектесті деген күдікке ілінген еді.

Биыл жыл басында АҚШ Қырғызстанның "Керемет" банкін "қара тізімге" қосып, оны халықаралық санкцияны айналып өту схемаларына қатысқан ресейлік шенеуніктермен әріптестік орнатты деп айыптаған.

АҚШ-тан бөлек, Ұлыбритания мен Еуроодақ та «Капитал Банк», «Толубай», Еуропа жинақ банкінің кейбір бөлімдеріне және Қырғызстанда криптовалюта саласында тіркелген бірқатар компанияға санкция салған. Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Батыстың шешіміне наразылық білдіріп, ресми Бішкек санкцияны сақтап отырғанын және экономиканы саясиландырмау керектігін айтқан.

XS
SM
MD
LG