Accessibility links

Иран президенті экологиялық қатерге байланысты астананы көшіру қажеттігін айтты


Масуд Пезешкиан
Масуд Пезешкиан

Иран президенті Масуд Пезешкиан экологиялық қатердің зораюына байланысты ел астанасы Тегеранды көшіру қажеттігін мәлімдеді. Бұл жөнінде Iran International жазды.

Пезешкианның сөзінше, Тегеранның ахуалы нашар және табиғи ресурстарға қазіргідей салмақ түсіп жатқан шақта "тіршілігін жалғастыра алмауы мүмкін". Ол топырақтың шөгуі тәулігіне 30 сантиметрге жеткенін атап өтіп, мұны жақындап келе жатқан апаттың белгісі деп атады. Президент егер билік жұмылып қимылдамаса, елді "түнек" күтіп тұрғанын айтты.

Пезешкиан сонымен бірге су қорының күрт азаюы туралы да айтты. "Қоршаған ортаны қорғау — бұл қалжың емес. Оны елемеу — өлім жазасымен пара-пар" деді.

Иран кейінгі он жылдықтағы ең ауыр қуаңшылықты өткеріп жатыр. Елде жауын-шашын мөлшері тұрақты түрде азайып жатыр. 2025 жылы қуаңшылық деңгейі рекордтық деңгейге жетті, ал ақпарат құралдары қараша басында Тегеран су тапшылығына ұшырауы мүмкін деп ескерткен. Бұған дейін Пезешкиан 15 миллион халқы бар астананы көшіру ықтималдығын жоққа шығармаған.

XS
SM
MD
LG