Қырғызстандағы төбелес Қытайға наразылықты күшейтті

Қырғызстанның Шу облыстық милициясы таратқан сурет. Қырғызстандықтар мен қытайлықтар төбелесінде ұсталғандар. 15 қараша, 2025 жыл.

Қырғызстанда қытай және қырғыз жұмысшылары арасындағы төбелес әлеуметтік желіде Қытайға деген наразылықты күшейтті.

Оқиға Қырғызстанның солтүстігінде болған: 15 қараша күні Шу облысының Константиновка ауылында жолда жанжал туындап, ондаған қырғыз және қытай құрылысшылары төбелесіп қалған.

Полиция 16 адамды ұстады, тағы 44 адамды тергеуге шақырды, арасында қытайлық жұмысшылар да бар. Бір қырғызстандық ауруханаға жеткізілген.

Билік бұл оқиғаның маңызын төмендетуге тырысты. Төбелеске China Road & Bridge Corporation қытай компаниясы мен қырғыздың «Чжунцзы» компаниясы жалдаған жүргізушілер қатысқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай туын өртеп қамалған белсенділер

Алайда төбелес Қырғызстандағы Қытай инвестициялық жобаларына және бұл елден жұмысшылардың ағылып келуіне деген наразылық күшті екенін көрсетті.

Соңғы жылдары Пекин Орталық Азиядағы ықпалын күшейтіп, тез арада басты экономикалық және саяси ойыншыға айналған. Қырғызстанда Қытай қаржыландыратын бірнеше инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылып жатыр, соның ішінде «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» теміржолы — Қытай мен Еуропа арасындағы тасымал уақытын бір аптаға қысқартатын, Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолдарын әртараптандыратын миллиардтаған долларлық жоба.

Сабырға шақыру

Қырғыз билігі халықты сабырға шақырды.

Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев елге жаппай келіп, жұмыс орындарын алып қойып жатыр деген тұжырымды жоққа шығарды.

«Қытай азаматтары жұмыс визасы негізінде еңбек етіп жатыр. Арада виза режимі бар. Виза уақыты біткенде олар елден кетеді» деді Кулубаев жергілікті «Кабар» агенттігіне.

Президент әкімшілігінің өкілі Дайырбек Орунбеков те оқиғаны қатардағы оқиға деңгейіне түсіргісі келді.

«Адам жүрген жерде кикілжің болады, бұл – адамның табиғаты. Оның ұлтқа не нәсілге қатысы жоқ. 1,5 миллиондай қырғызстандық та осындағы қытайлар сияқты басқа елдерде жұмыс істеп жүр. Олар да кейде төбелес пен кикілжіңге қатысып жатады. Сондықтан арандатушыларға ермеңіздер» деп жазды ол Faceebook парақшасында.

Бірақ шенеунік сөзі қоғамдағы наразылықты баса алмаған сияқты.

Жұмыссыздық және Шыңжаң

Бұл наразылық артында Қытайдың Қырғызстандағы экономикалық ықпалының өсуіне алаңдаған жұрттың көңіл-күйі тұр дейді сарапшылар.

2024 жылы елге тартылған 873 миллион доллар тікелей шетелдік инвестицияның шамамен ширегі Қытайға тиесілі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың жұмсақ күші, Ресей ықпалы. Қазақстан үшін тиімді жол қайсы? Кэтрин Путцпен сұхбат

Қырғызстанда онсыз да мыңдаған қытайлық жұмыс істеп жүрген еді, енді Қытай қаржыландыратын жобалар күрт көбейді. Соның салдарынан кей өңірде тұрғын үй тапшы болып, үй жалдау ақысы өсті.

Қытай компаниялары шетелдегі инфрақұрылым жобаларындағы жұмысқа көбіне жергілікті тұрғындарды емес, қытайлықтарды жалдайды, бұл да жұрттың наразылығын өршіте түседі.

«Ірі құрылыс нысандарына инженерлік-техникалық қызметкерден бастап жұмысшыларға дейін барлығын Қытайдан алып келеді деген кең тараған пікір бар» деді экономикалық сарапшы Нұргүл Әкімова Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібі, жол құрлысы сияқты жобаларда жұмысшылардың «едәуір бөлігі» Қытай азаматтары. Бұл жергілікті адамдардың жұмыс орындарын алып жатыр деген әсер қалдырады.

«Жұмыссыздық өткір мәселе күйінде қалып, арзан жұмыс күші нарықты жаулап ала берсе, әлеуметтік наразылық өрши береді» дейді сарапшы.

Қырғызстандық заңгер Нұрбек Токтакунов үкіметтің ашық әрекет етпеуі де Қытайға деген наразылықты өршітіп отыр деп санайды.

«Әріптестік қай деңгейде, қандай жобалар іске асып жатыр? Қытай туралы мәлімет жоқтың қасы, — деді ол Азаттыққа. — Ақпарат аз болса, адамдардың аузын жаба берсе, ксенофобия өршиді. Онымен күрестің жалғыз жолы – ашықтық».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билікке сенімсіздік, мардымсыз ақпарат, ашықтық жоқтығы – синофобияға басты себеп". Сарапшымен сұхбат

Бұған қоса Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ұйғыр, қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек сияқты мұсылмандарға қатысты саясатына да наразылық бар.

Белді құқық қорғау ұйымдарының және куәгерлердің мәліметі бойынша, соңғы жылдары Шыңжаңда жүздеген мың адам «қайта үйрену лагерлеріне» қамалған. Алайда Орталық Азия елдерінің үкіметтері бұл бойынша ештеңе айтпайды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы ықшамдалып аударылды. Түпнұсқа мына жерде.