Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Ресейге сапарынан кейін Ташкентте өткен Орталық Азия елдері басшыларының 7-консультативтік кездесуіне қатысты. 16 қарашадағы саммитке Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев "құрметті қонағы" ретінде келіп, Баку бұл кездесудің тең құқылы қатысушысы болды. Жиында Орталық Азияның қауіпсіздік, тұрақтылық және даму тұжырымдамасы мен 2026-2028 жылдарға арналған қауіпсіздік тізбесі қабылданды. Саммиттің шынайы мақсаты қандай? С5 форматына Әзербайжан қосыла ма? Азаттық осы сауалдар төңірегінде халықаралық қатынастар және саясаттану бойынша PhD Нығмет Ибаділдинмен сұхбаттасты.
Азаттық: Ташкентте өткен саммиттің шынайы мақсаттары қандай? Бұл аймақтағы интеграцияны нығайту ма әлде лидерлердің саяси тұрақтылығын көрсету ме? Жиында айтылған бірігу туралы мәлімдемелер елдер арасындағы мүдделер қайшылығына қаншалықты сәйкес келеді?
Саясаттанушы Нығмет Ибаділдин.
Нығмет Ибаділдин: Меніңше, мұнда авторитар басшылардың да, мемлекеттердің де мүдделері бір-бірімен сәйкес келіп тұр. Олар әрдайым бір-біріне қарама-қайшы емес. Бұл өңірлік интеграцияның қажеттілігі туралы кезінде [Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан] Назарбаев та айтқан. Дегенмен сол кезде өңірлік интеграция туралы айтылғанымен, идея бір-біріне сенімсіздік пен жеке амбицияларға байланысты жылжымай қалды. Ал қазір әлем тұрақсыз. Ресей автократтардың қауіпсіздігінің кепілі деп айтылғанымен, өңірдің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. Сондықтан қандай жағдай болмасын, біріккен дұрыс. Автократтар да кейде тек өздері үшін емес, өзгелер үшін де пайдалы шешім қабылдай алады. Кез келген автократиялық режимнің негізгі идеясы өзін-өзі сақтау екені түсінікті. Бірақ өзін сақтау үшін, сыртқы қауіптердің алдын-алу үшін, олар ортақ мүддеге сүйеніп әрекет етуге мәжбүр. Бұл — бір. Екіншіден, олар тек өз билігін сақтауға алаңдап, халыққа әрдайым өшпендікпен қарайды деу артық. Мен оларды ақтап отырған жоқпын, дегенмен, кез-келген авторитарлық режим бірнеше тірекке сүйенеді, соның бірі —белгілі бір дәрежеде халықтың қолдауы. Тек репрессия мен қорқыту емес, кейде ұтымды шешімдер қабылдауға да тура келеді. Әзербайжан да – авторитар ел. Соған қарамастан бұл елдің де қатысуы – қалыпты жағдай әрі жақсы қадам. Шекараны миналау сияқты қадамдардан гөрі достық қатынас орнатқан әлдеқайда жақсы. Мәселен, Өзбекстанның шекараны минадан тазартуы – өте маңызды шешім.
Your browser doesn’t support HTML5
Орталық Азия мен Орта дәліздің әлеуеті қандай?
Азаттық: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев консультативті кездесуде Орталық Азия қауымдастығын құруды ұсынды. Еуропа одағының қалай құрылғанын еске алсақ, бұл Орталық Азия одағының бастамасы деп айтуға бола ма?
Нығмет Ибаділдин: Қазір бәрі өте жылдам жүріп жатыр. Жалпы авторитарлық режимдер кез-келген интеграция процестеріне тосқауыл қоюға бейім. Себебі интеграция – тек жоғары деңгейдегі емес, төменнен басталатын, институционалдық бірігу. Ең бастысы – өкілеттіктерді бөлісу. Яғни, интеграция барысында қандай да бір органдар пайда болады, олар автократтардың жеке билігін әлсіретеді. Биліктің ықпалының таралуы – автократтардың мүддесіне сай келмейді. Бірақ қазір сыртқы саяси факторлардың әсерінен интеграция, еріксіз жүріп жатыр. Өйткені Ресей мүлде болжап болмайтын елге айналды. АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс те күшейіп жатыр. Осындай кезеңде "дауылды бірге күткен" дұрыс. Еуропа одағы да оңай құрылған жоқ. Бір кезеңде Ұлыбритания төңірегінде бірікті, кейін Brexit болып Британия одақтан шықты. Оңтүстік Еуропа мен Солтүстік Еуропа, шағын және ірі мемлекеттер – бәрі де үнемі қозғалыста, бұл тоқтамайтын процесс. Ал интеграция халыққа пайда әкелсе, неге жалғаспасқа? Орталық Азиядағы ықтимал интеграция Еуропа одағына ұқсамайды. Өйткені мұнда демография да, экономикалық даму деңгейі де басқа. Бірақ өзара сауда-саттықты көбейту, бір-бірін қауіпсіздік мәселелерінде қолдау кез-келген жағдайда пайдалы. Ең бастысы, бұл тек бюрократиялық құрылым болып қалмай, нақты прогреске жеткізетін механизмге айналуы керек. Интеграцияның деңгейлері әртүрлі. Еуропа одағы – саяси интеграцияға дейін барған жоғары деңгей. Ал Орталық Азияға бұл жолдың барлығын әлі өту керек. Ешкім одан әрі тереңдеуге міндеттемейді. Мысалы, кейбір ЕО елдерінде әлі күнге дейін өз валютасы бар, олар үшін сол деңгей жеткілікті. Немесе Норвегия [Еуропада] визасыз еркін жүре алады, бірақ басқа салаларда интеграцияны қажет деп санамады.
Орталық Азия басшыларының консультативті кездесуі – аймақтағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларының кездесу форматы. Бұл жиынды өткізу идеясын 2017 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында Шавкат Мирзияев ұсынған. Алғашқы кездесу 2018 жылы наурызда Астанада өтті.
Азаттық: Әзербайжан Орталық Азияның консультативті саммитінің тең құқылы қатысушысы болғанын ескерсек, C5+1 форматы болашақта C6+1 форматына айналуы мүмкін бе?
Нығмет Ибаділдин: Бұл әбден мүмкін. Көпшілік "стан" деп аяқталатын елдердің бәрі бір-біріне өте ұқсас деп ойлайды, бірақ іс жүзінде біз көптеген параметрлер бойынша өзгешеміз. Кейінгі 30 жылда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан әрқайсысы өз жолымен дамыды. Түрікменстан болса, бастан-ақ бөлек бағыт ұстанып келеді. Барлығында әртүрлі тарихи тәжірибе қалыптасты. Әзербайжан мен жалпы Кавказ да өзіндік жолы бар аймақ. Грузия мен Әзербайжан – даму векторлары тұрғысынан да әртүрлі. Бірақ Әзербайжан мәдени, инфрақұрылымдық және өзін түркі қауымдастығының бір бөлігі деп санайтындықтан Орталық Азияға жақын. Әзербайжан үшін Орталық Азия маңызды. Баку Түркиямен бірге болғанымен Әзербайжан көбіне кіші серіктес рөлінде қалып қояды. Ал Орталық Азия елдерімен тең деңгейде сөйлесе алады. Бұл – маңызды фактор. Сонымен қатар, Түркиямен де, Ресеймен де қарым-қатынас жүргізгенде, артында үлкен аймақтық қауымдастық тұрса, Әзербайжан өз позициясын тиімдірек көрсете алады. Яғни, институционалдық немесе ұйымдастыру жағынан бірлестіктің болуы елге қосымша күш береді. Орталық Азия үшін де қазіргі кезеңде Әзербайжанның рөлі өте маңызды. Ең алдымен, Орта дәліз тұрғысынан. Бірақ бұл жол Әзербайжанмен ғана шектелмейді, Грузия, Түркия да — толыққанды қатысушылар. Жолдар, құбырлар, кез келген инфрақұрылым халықтарды да жақындатады, ал автократтарды ойланбай жасалатын қадамдардан тежеуі мүмкін. Иә, Ресей мен Украина жағдайында бұл жұмыс істемеді, олар тым интеграцияланған еді. Дегенмен инфрақұрылым жағынан байланыстар көбіне тұрақтылық факторы болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың Ташкентке сапары және Орталық Азия елдері әріптестігінің "жаңа дәуірі"Азаттық: Орталық Азия саммиттері авторитарлық режимдердің бір-бірін өзара легитимация жасау құралына айналып кетпеді ме? Бұл "сыртқы қысымға қарсы аймақтық элиталардың өзара ынтымақтастығы" емес пе?
Нығмет Ибаділдин: Интеграцияның мәні – бірге болсақ, сыртқы қауіптер де аса қорқынышты емес дегенде емес пе? Әрине, ресми түрде бұлай айтылмайды, бірақ халықаралық жағдайдың өте құбылмалы екенін бәрі де түсініп отыр. АҚШ, Ресей, Қытай арасындағы геосаяси шиеленістер, әлемдік тұрақсыздықтың бәрі кішігірім мемлекеттерді бірігуге итермелейді. Қазір Қазақстан өзін "орта державалар" қатарына жатқызуға тырысады. Бірақ классикалық орта державалар – Австралия, Италия. Олармен Қазақстанды салыстыру қиын, өйткені экономикасы, әскери қуаты әлдеқайда жоғары. Түркия да орта держава саналады: НАТО мүшесі, халқы 90 миллион, Ресеймен тең дәрежеде сөйлесе алады. Яғни, Қазақстанның [орта держава болу] амбициясы бар, бірақ ресурс базасы әлдеқайда төмен. Сыртқы легитимация әрқашан белгілі бір тәуекелмен келеді, сен одаққа кірсең, өз егемендігінің бір бөлігін жоғалтасың. Автократтар үшін бұл – өте сезімтал мәселе. Сол себепті көптеген авторитарлық лидерлер жабық күйге өтіп, автаркияға ұрынады. Ал Мемлекеттің экономикалық тұрғыдан изоляцияға көшіп, сыртқы сауда байланыстарын барынша азайтып я толық бас тартуы.- кез келген ел үшін тығырық. Орталық Азия басшылары әзірге оның зиянды екенін түсініп отыр деп ойлаймын. Дәл осы себепті интеграцияға баруға дайын. Бұл қол қусырып отырғанннан жақсы. Қазіргі жағдайда авторитарлық режимдердің мүдделері қоғамның мүдделерімен біршама сәйкес келіп тұрғаны рас. Мысалы, Ресей жақында өте әдемі сөздерге толы жаңа келісімдер жасады. Бірақ, өкінішке қарай, Украинадағы соғыс жалғасып тұрған кезде Ресейдің барлық мәлімдемелері мен келісіміне үлкен күмәнмен қарауға тура келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "АҚШ, Ресей, Қытаймен қатынасты баланста ұстау". Тоқаев Мәскеуге не үшін барды?