Ұзақ жыл бойы Пәкістанға экономикалық тұрғыда тәуелді болып келген Ауғанстан сауда әріптестерін әртараптандыру үшін мұнайға бай Орталық Азияға басымдық бермек.
Бірақ сарапшылардың айтуынша, география, тасымал шығыны және саяси шектеулер қаржы тапшылығына ұшыраған Ауғанстан мен оның мойындалмаған Талибан өкіметіне кедергі жасамақ.
Кабулдің жаңа сауда әріптестерін іздеуге күш салуы Пәкістанмен қақтығысып қалған соң басталды. Өткенде көрші елдер бір-біріне әскери шабуыл жасап, ондаған адам қаза тапты. Салдарынан Пәкістан Ауғанстанмен шекарасын жауып тастады.
Шекараның бір айға жабылуы халықаралық нарыққа Пәкістан порттары арқылы шығатын ауған саудагерлерін 200 млн доллар шамасында шығынға батырды.
САУДАДАҒЫ БАЛАМА БАҒЫТТАР
Талибанның лауазымды өкілдері саудагерлер мен инвесторларға үндеу жасап, оларды Пәкістан арқылы жұмыс істеуін доғарып, Орталық Азиядағы жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды.
"Біз саудадағы балама бағыттарды табу үшін солтүстіктегі көршілермен белсене жұмыс істеп жатырмыз" деді 12 қараша күні Талибанның сауда министрі Нуриддин Әзизи.
Ал Талибан премьер-министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадар Исламабадты айыптап, Пәкістан сауданы "саяси қысым құралы" ретінде пайдаланып отыр деді. Оның сөзінше , шекараның жабылуы Кабул шығыстағы көршісіне тәуелділікті азайтуы қажет екенін көрсеткен.
Швейцарияда тұратын ауған сарапшысы Төрек Фархади Талибанның Орталық Азиямен саудаға басымдық беруі "жалаң ұран" екенін, оны іске асыруда үлкен кедергілер барын айтады.
Ауғанстан мен Қазақстанның ортақ көрмесі. Кабул, 2024 жылғы сәуір.
Орталық Азия – мұхитқа шығу жолы жоқ, құрлықпен қоршалған аймақ. Демек, Ауғанстан халықаралық нарықтарға шығу үшін құрлық бетіндегі ұзақ жолдарды еңсеруі қажет. Оның үстіне аймақ елдерінің салық саясаты аясында ауған экспортына, әсіре оның ауыл шаруашылығы өнімдеріне көлемді баж салығы салынған.
Азық-түлік, жеміс-жидек секілді белгілі бір температураны қажет ететін өнімдерді тасымалдау инфрақұрылымы кенже дамыған.
"Солтүстік бағытты коммерциялық тұрғыда тиімді ету үшін Ауғанстан Орталық Азиядағы әріптестерін баж салығынан босатып, оларға жеңілдіктер ұсынуы керек" деді Фархади Азаттыққа. "Бірақ Кабулдегі үкімет үшін кеден салығы – негізгі табыс көзінің бірі".
Оның үстіне, сауданы үдетуге жол ашатын бірқатар темір жол жобалары қаржы тапшылығынан және өзге себептерден аяқталмай отыр.
Фархадидің айтуынша, Талибанның халықаралық деңгейде мойындалмауы Кабулдың көздегенін тежеп келеді: Ауғанстан Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры секілді ғаламдық институттардан қаржы ала алмайды. Салдарынан солтүстік бағытты дамытуға жол ашатын инвестиция мен инфрақұрылым шектеліп отыр.
Ауғанстанның Орталық Азиямен саудасы біртіндеп артып жатқанымен, екіжақты сауда осы факторлардың әсерінен әлі де төмен деңгейде тұр.
Ауғанстан лауазымды тұлғаларының айтуынша , Ауғанстан мен Орталық Азиядағы бес ел арасындағы сауда тұрақты өсіп, 1,7 млрд долларға жеткен.
Сауданың негізгі бөлігі – ауған импорты. Оның ішінде ұн, жанармай, өсімдік майы және құрылыс материалдары бар. Ауғанстанның Орталық Азияға экспорты шектеулі, бірақ ақырындап артып келеді.
Қазақстан Ауғанстанның ірі сауда әріптестерінің біріне айналды. 2024 жылы Астана мен Кабул екіжақты сауданы алдағы жылдары 3 млрд долларға жеткізуді көздейтін жол картасына қол қойған .
Өзбекстан да Ауғанстанның ең белсенді сауда әріптестерінің қатарында. Өзбекстан дерегінше, 2024 жылы екіжақты сауда 1,1 млрд долларға жеткен. Ташкент пен Кабул 2025 жылы бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр .
Ауғанстанның Түркіменстандағы Торғынды шекара бекеті арқылы экспорты алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан электр энергиясын Ауғанстан мен Пәкістанға тасымалдайтын CASA-1000 жобасының маңызды бөлігін ресми түрде іске қосты.
ПӘКІСТАННЫҢ РӨЛІ ӘЛІ ДЕ ЖОҒАРЫ
Ауғанстанның Орталық Азиямен саудасы артып жатқанымен, Кабул әлі де Пәкістанға тәуелді.
Ауғанстан үшін Пәкістан бұрыннан бері ғаламдық нарыққа шығудың ең жылдам әрі қолайлы бағыт болатын.
Торхам мен Чамандағы шекара бекеттері Ауғанстан сыртқы саудасында маңызды рөл атқарады. Бірақ кейінгі жылдары Исламабад шекараны бірнеше қайтара жауып, сауда мен адамдар қозғалысын тежеген. Соның әсерінен екіжақта сауда былтыр 1 млрд доллардан сәл ғана асты. Екі ел арасындағы сауда шарықтаған 2021 жылы бұл көрсеткіш 5 млрд доллар болған еді.
Пәкістан мен Талибан күштерінің өткен айдағы қақтығысынан кейін 12 қазан күні шекара тағы жабылып, мыңдаған жүк көлігі бірнеше аптаға қаңтарылып қалды.
Бірақ ауған саудагерлері үшін көрші тұрған Пәкістан мен оның порттарына балама аз. Сауда жолын өзге бағытқа бұру тасымал шығыны мен уақытын арттырып, логистика тәуекелдерін күшейтеді дейді сарапшылар.
Ауғанстан сауда палатасының бұрынғы басшысы Азарахш Хафизи.
"Ауғанстаннан теңіз порттарына, сол арқылы Үндістан мен Оңтүстік Азия нарықтарына апарар ең қысқа әрі арзан жол Пәкістаннан өтеді. Шындық осы" дейді ауған сауда палатасының бұрынғы басшысы Азарахш Хафизи.
"Бізге барлық транзит бағыты ашық болғаны керек. Бұл Ауғанстан мен Пәкістан үшін ғана емес, аймақтағы экономикалық интеграция үшін де маңызды" дейді Оңтүстік Азиядағы аймақтық әріптестік ассоциациясы құрған сауда-өнеркәсіп палатасының бұрынғы мүшесі Хафизи.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия оңтүстікке шығар жол іздеп, "Талибанмен" жақындасып жатыр. Бұдан Қытай ұта ма?