Америкалық басылымдар АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Ресеймен бірігіп, Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын құрғанын жазып жатыр. Осы ақпарат тарап кеткен тұста Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 20 қарашада Киевте АҚШ қорғаныс департаментінің лауазымды шенеуніктерімен кездеспек.
АМЕРИКАНЫҢ ЖОСПАРЫНДА НЕ АЙТЫЛҒАН?
"Трамптың әкімшілігі жасаған соғысты аяқтау жоспарында Украина Донбасс аймағын Ресейге беріп, әскері мен қаруын азайтатыны жазылған" деп хабарлады 19 қарашада The Financial Times, Reuters, Axios басылымдары дереккөздеріне сілтеп.
Бұған қоса, жоспарда "Украина жеріне шетелдік әскерилер орналастырылмайды және Киев енді алысқа ұшатын ракеталарды алмауы тиіс. АҚШ пен Еуропа елдері Донбасс пен Қырымды Ресейдікі деп мойындайды" деген талап та бар. Ал АҚШ Украина мен Еуропаға қауіпсіздік кепілдігін береді
Бұл жоспар негізінен Ресейдің жыл басынан бері айтып келе жатқан талаптарына үндес.
Америкалық NBC News телеарнасы АҚШ президенті әкімшілігіндегі дереккөзіне сілтеп, Трамп 28 пунктіден тұратын жоспарды мақұлдағанын айтады. Телеарна АҚШ тарабы бұл жоспарды украиналық шенеуніктермен және Ресей президенті Путиннің көмекшісі Кирилл Дмитриевпен талқылағанын жазады. Бірақ жоспарды украиналық қай шенеуніктермен талқыланғаны айтылмаған.
КИЕВ ПЕН МӘСКЕУ НЕ ДЕЙДІ?
Кремльдің өкілі Дмитриев Axios агенттігіне "Ресейдің позициясы алғаш рет ескерілді" деген.
Ал Украинаның кейбір шенеуніктері жоспардан хабардар екенін жеткізді.
19 қарашада Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездескен Украина президенті Владимир Зеленский "бұл Украинаны әлсіретіп, болашақта жаңа басқыншылықтарға себеп болады" деді.
Украина басшысы бұған дейін Мәскеудің талаптарын шетке қағып, Украина жерінен бас тартпайды, әскерін азайтпайды деп келген еді.
"ӨТЕ ЖАМАН ЖОСПАР"
Сарапшылар АҚШ президенті әкімшілігінің бұл жоспарын Киевтің қолдауы екіталай деп санайды.
"Тараған ақпараттар нақты емес деп үміттенемін, себебі айтылғандардың бәрі – украиналықтар мен еуропалықтар үшін, Американың ұлттық мүддесі үшін өте жаман келісім" дейді Стэнфорд университетінің саясаттану профессоры, 2012-2014 жылдары АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған Майкл Макфол.
Украина әскері қазір майдан даласына қиындыққа тап болды. Ресей әскері көп шығынға ұшырап жатса да, Донбасстағы Покровск пен Мирноград қаласын басып алуға талпынып жатыр. Бұған қоса, Ресей Украинаның қалалары мен энергетика инфрақұрылымдарын атқылап, қыста Украина халқын әуреге салды.
"Басылымдардағы жазылғандар рас болса, бұл - өте қорқынышты жоспар. Осыған дейінгі тенденциялар көрсеткендей бұл жоспар болашағы жоқ айла-тәсіл де болуы мүмкін. Жақында толығырақ білетін боламыз" деді Atlantic Council сараптама орталығының ғылыми қызметкері, АҚШ-тың Ресейге қатысты 2014 жылғы санкциясының авторының бірі Дэн Фрид.
ЗЕЛЕНСКИЙ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА
Басылымдарда тараған жоспар жайлы ақпарат қазір Зеленскийді де қиын жағдайда қалдырды. Бұған қоса, Украинадағы "Энергоатоммен" байланысты жемқорлық дауы да Зеленскийді саяси тұрғыда әлсіретіп тастады. Бұл жемқорлық шуына Зеленскийдің жақын серіктесі Тимур Миндичтің, энергетика министрі мен әділет министрінің қатысы бары айтылған. Миндич шу шықпай тұрып елден қашып кеткен, екі министр қызметінен кетті.
Жемқорлық дауы жайлы не белгілі?
Украинаның ұлттық антикоррупция бюросы Миндич құрған қылмыстық топ мемлекеттік "Энергоатом" компаниясынан "откат" алып отырғанын анықтадық дейді.
Жемқорлыққа қарсы бюроның дерегінше, бұл схемаға энергетика министрінің кеңесшісі Игорь Миронюк, "Энергоатомның" қауіпсіздік бойынша атқарушы директоры Дмитрий Басов, бұрынғы вице-премьер Алексей Чернышев, 2025 жылдың маусымына дейін энергетика министрі болған, қазіргі әділет министрі Герман Глущенко та араласқан. Ол энергетика министр Светлана Гринчукке ықпал етіп отырғаны айтылады.
Жемқорлыққа қарсы бюроның мәліметінше, Миндич, Миронюк және Басов "Энергоатомға" қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу бойынша тендерлерді бақылаған. Яғни, "Энергоатомға" құрал-жабдық пен қызмет ұсынғысы келген компаниялар қылмыстық топқа 10-15 пайыз "откат" беріп отырған. Пайызбен бөліспеген компаниялар тапсырыстан қағылған.
Қылмыстық топ бір-бірімен сөйлескенде лақап аттар қолданған. Мәселен, Миндич "Карлсон", Миронюк "Рокет", Басов "Тенор" деп аталған.
Қазір Украина парламенті Зеленскийден президент әкімшілігінің басшысы, ең жақын саяси серігі Андрей Ермакты қызметінен алуды талап етіп жатыр.
"Ермак – Зеленскийдің басты көмекшісі, бас администраторы, басқарудағы ең басты пульті. Екеуі сиам егіздердей жақын" деді Киевтегі "Пента" саяси зерттеу орталығының жетекшісі Владимир Фесенко Азаттыққа.
"Ермакты бірнеше күнде қызметінен кетірмесе, ел ішінде үлкен саяси дағдарыс бастала ма деп қауіптенем. Парламент әлсіреп, министрлер кабинеті жұмысты доғаруы мүмкін. Ресей майданда алға жылжып, соғыс өршіп тұрғанда Украинада бұл дағдарыс басталмауы керек" деді АҚШ-тағы Маршалл неміс орталығының ғылыми қызметкері Елена Прокопенко Азаттыққа.
Украина парламентіндегі депутаттар Ермактың "Энергоатоммен" жемқорлық дауына қатысы бар дегенді алға тартады. Кейбір депутат жемқорлық схемасында "Али Баба" лақап атымен әрекет еткен адам Ермак деп күдіктенеді.
Ермак Азаттықтың Украин қызметінің ресми сауалына әлі жауап берген жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5
Трамптың бейбітшілік жоспары, Тернопольдегі қаралы күн – Соғыстағы ахуал. 20.11.25